
Бүгін «Ботай» музей-қорығы мен Солтүстік Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен республикалық ғылыми конференция өтті.
Іс-шара Ботай мәдениетіне арналған картиналар көрмесімен басталды.
Конференцияға Айыртау ауданының әкімі М.Ж. Мендібаев, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әр өңірінен келген музей-қорықтар мен тарихи-мәдени мұраны қорғау орталықтарының басшылары мен қызметкерлері қатысты. Атап айтқанда, Ұлытау, Отырар, Қарағанды және Көкшетау өңірлерінің өкілдері болды.
Сонымен қатар, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының мониторинг және қорғау археологиясы тобының жетекшісі Е.Ш. Амиров және аталған институттың Солтүстік Қазақстан филиалының жетекшісі М. Қиясбек қатысты.
Іс-шара барысында тарихи-мәдени мұраны сақтау және музей ісі мәселелері бойынша баяндамалар ұсынылды.
Конференцияның маңызды бөлігінің бірі – Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Солтүстік Қазақстан филиалы дайындаған Айыртау ауданы ескерткіштері жинағының таныстырылымы болды.
Сондай-ақ, тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер талқыланып, өзекті мәселелер көтеріліп, қарастырылды.
Конференция соңында қатысушыларға Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеу мен сақтауға қосқан үлесін растайтын сертификаттар табысталды.